Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

25-бөлім · 4 мин

25-бөлім. Баян-Сұлуым!

25 / 31

— Жақынырақ кел, Мақпал, — деп қайталады Қодар. — Сөйлесейік.

Ол мені ұзақ уақыт көріспеген ескі танысындай шақырды. Сабырлы, тіпті еркелете сөйлегендей болып көрінді маған. Бірақ дәл осы сабырлылық арқамды мұздатып жіберді. Өйткені оның көз жанары қызыл алаудай алаулап, ашқарақтанып қарағаны, тұла бойымды тітіртеді.

— Жоқ, — деді Қозы Көрпеш.

— Мен сенімен сөйлесіп тұрған жоқпын, Сарыбайдың күшігі, — деді Қодар оған тіпті қарамастан. — Баян-Сұлуыммен сөйлесіп тұрмын.

— Ол бармайды!, — мені арқасына тыға Қозы Көрпеш жауап берді.

— Оны өзі шешеді, — деді Қодар.

Қозы Көрпештің қолы алақынымды қыса бастады. Басын маған сәл бұрып, бәсең дауыспен маған тіл қатты.

— Бір ауыз сөз айтсаң болды, осы жерде-ақ басын шауып түсіремін.

— Қолыңнан келмейді.

— Бірақ...

— Бұл сенің таңдауың емес.

— Білемін. — Қолы сәл дірілдеді. — Сонда да соны істегім келеді.

Мен Қозы Көрпештің артынан шығап, алға бір қадам бастым.

Тағы бір қадам. Бұрымым қураған шөптің үстімен сүйретіліп, шолпылар сыңғырлады. Әр сыңғыр сайын Қодар қамшы тигендей селк ете қалады. Артындағы қасқырлар ақырын ырылдағанымен, орнынан қозғалмады. Бақсы тас мүсіндей қимылсыз тұр. Мен арамызда он қадамдай қалғанша жүрдім. Одан әрі бармаймын.

— Міне, — деді Қодар жымиып. — Маған өзің келдің.

— Мен саған «Тоқта», «Доғар бұл ісіңді» деп айтуға келдім.

— “Тоқта” деуге ме? — Ол күлді. Күлкісі кеудесінен құрғақ, сытырлаған бұтақтай үзіліп шықты. — Сен түсінбейсің, Баян-Сұлуым. Мен сені сонша уақыт іздедім. Әр тастың астынан сені іздедім. Тіпті осы тұрған құдықтың ішінде сені аңсаумен болдым. Төменде, қараңғылықтың ішінде адам төзе алмайтын уақыт бойы жаттым. Ал сыртқа шыққанда, сен жоқ едің.

— Менің атым...

— Атыңды білемін. — Жүзі бір сәтке бұзылып, қайтадан қалпына келді. — Бірақ сен түсінбейсің. Не істесем де, бәрін сен үшін істедім.

— Сен ауылдарды өртедің!

— Сен естісін деп. Келсін деп. — Ол екі қолын жайды. — Тыныш отырсам, қайтып келер ме едің? Жоқ. Жасырынып жатқан жеріңде қала берер едің. Ал енді сен осындасың.

Ішімдегі бір нәрсе түбіне дейін суып кетті.

— Сен адамдарды өлтірдің! — дедім. — Балаларды. Қарттарды. Мен үшін бе?

— Махаббат үшін, — деп жұмсақжауап қатты ол екі қолың жая.

— Бұл махаббат емес.

— Қайдан білесің? — Даусына кенет ренжіген баланың үні араласты. — Сен маған сені сүюге ешқашан мүмкіндік бермедің. Үнемі соған қарадың. — Ол Қозы Көрпешке иегімен нұсқады. — Әрдайым соған. Ал мен күттім. Жаныңда болдым. Шыдадым. Ақыры не алдым? Құдықты.

— Оны өзің қаздың.

Қодардың жүзі біржола өзгерді. Ерні бозарып, қызыл көздері одан сайын жарқырай түсті.

— Олай деме, — деп сыбырлады ол. — Олай деме, Баян-Сұлу.

— Мен Баян-Сұлу емеспін.

— Сен — Баян-Сұлусың!. — Ол бір қадам жасады. Астындағы ат мазасыздана басын шайқап, тұяғын ауыстырды. — Сен менің Баянымсың. Мен сені қайтардым. Қараңғылықтан алып шықтым. Ол үшін қолымнан келгеннің бәрін құрбан еттім. Енді сен менімен жүресің. Өз еркіңмен барсаң, олардың бәрі тірі қалады. Ал сені өзім алып кетсем, ешкім аман қалмайды. Осындағылардың бәрін де өлтіремін. Қозы Көрпештен бастап.

Артымнан темірдің сарт еткені, біреудің демін ішіне тартқаны естілді. Бізбен келген жауынгерлердің дайын тұрғанын білемін. Айдын шақпағын қысып ұстаған, Айбас жебені адырнаға салған, Қарабай қылышын көтерген. Бірақ бәрі менің белгі беруімді күтіп тұр.

— Тағы бір нәрсе, — деді Қодар. — Тұлпар.

Менің жүзім өзгерген жоқ. Бірақ артымдағы Қозы Көрпештің терең тыныс алғанын естідім.

— Оның ізін таптым. Жақында ғана. — Қодар ертегі айтып отырған әкедей мейірлене жымиды. — Жылқыны қолға түсіргенде, аспан менікі болады. Бүкіл аспан, бар жел, бар жол. Сонда сені жасыратын жер қалмайды. Ойлан, Баян-Сұлу. Қазір берілгенің дұрыс па, әлде өмір бойы қашқаның ба?

— Тұлпарды қолға түсірмейсің.

— Көрерміз.

Мен иығымның үстінен артыма қарадым. Қозы Көрпеш. Айдын. Осы бірнеше аптаның ішінде өмірімде ешкімді сүймегендей жақсы көріп үлгерген жандар. Сосын артымдағы ескі құдыққа, жердің ішіне кеткен қара тесікке көз салдым.

Жоспар. Біз осылай келіскенбіз.

— Жарайды, — дедім. — Сен айтқандай болсын.

Қодар қозғалыссыз қалды.

— Келісесің бе?

— Саған барамын. Бірақ мұнда емес. — Мен құдықты нұсқадым. — Ана жерде. Бәрі басталған жерде. Егер мені шынымен сүйсең, өзің кел.

Ол маған бір сәт қарап тұрды. Сосын баяу, тіпті мейірлене жымиды.

— Әрине, — деді ол. — Әрине, сүйіктім.

Ол аттан түсті.

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Романтика жанры