Біз таң атпай жолға шықтық.
Қырық адамбыз: Сарыбайдың жауынгерлері, орман ауылынан келген еріктілер, он жылдай қолына қылыш ұстамаған шығар деп ойлаған Қарабай да қаруын асынып алды. Кеше кешке берген сертін орындау үшін біздің қатарымызға қосылды. Сарыбай ауылда әйелдер мен балалардың қасында қалды. Қаракөз бізді қақпаға дейін шығарып салды. Жылаған жоқ, тек қолымды соншалық ұзақ ұстады. Ақыры біреу уақыттың тығыз екенін ескерткендей жөтеліп қойғанда ғана ұолымды босатты.
— Міндетті түрде орал!, — деді ол соңғы рет.
— Ораламын, анашым, — жымийып жауап бердім.
Ол басын изеп, саусақтарымды қысты да, қолымды босатты.
Жол бойы үнсіз жүрдік. Дала сұрғылт, суық әрі иесіз. Шөптер желге бас иіп тербеледі. Мен Қозы Көрпештің алдында ер-тоқымға жайғасқанмын. Ол бір қолымен белімнен құшақтап, екінші қолымен тізгінді ұстап келеді. Бұрымым құдды бір ұзыннан ұзын шарф сеіклді болып ұзарып кетті. Қозы Көрпеш оны өзінің беліне орап, ыңғайын келтірді.
Ескі құдық ойпатта орналасқан екен.
Кезінде жылқы тұяғы таптаған қуаң жазық. Ошақтардың жұрнағы, сынған сырықтар, жерге кіріп кеткен тастар жатыр. Ал ортасында жалпақ тастармен көмкерілген дөңгелек шұңқыр бар. Түбі көрінбейтін қап-қара тесік. Қоршауы да, қақпасы да жоқ. Жер қойнауына сіңіп бара жатқан жара секілді ашық қалған бір құзғын қуыс.
Мен оны көрмей тұрып-ақ сездім. Суық. Таныс, жүрек айнытарлық, тірі суық.
— Осында, — дедім.
— Иә, — деп жауап берді Қозы Көрпеш.
Ол өзін шаштан босатып, аттан түсті. Маған көмек ретінде қолын созып еді, мен денемді сезбей, құшағына секірдім. Өзімді құдды бір қауырсындай жеңіл ретінде сезінгендей болдым. Екеуміз құдықтың шетіне барып, қара тұңғиыққа үңілдік. Түбі де, қабырғасы да көрінбейді. Тек қараңғылық пен әрең естілетін сыбыр ғана бар.
Мен кейін шегіндім.
— Сапқа тұрыңдар! — деп бұйрық берді Қозы Көрпеш. — Садақшылар төбелерге орналассын, найзагерлер өзен арнасының бойына тұрсын. Қарабай, жасағыңмен сол қанатқа бар. Айбас, оң қанат сенде.
— Құп болады, — деді Айбас та, атын шебер бұрып әкетті. Бірақ Айдынның жанынан өтерде бір сәтке кідірді. — Өзіңді күт, — деді дауысыңда уайым сезіліп.
— Өзің де абай бол!
— Шынымен айтып тұрмын, — қабағың түйе, Айбас дауысың қаталдата айтты.
— Мен де, — жауап берді Айдын.
Екеуі бір-біріне қажеттіден сәл ұзағырақ қарап қалды. Сосын Айбас атын тебініп, алыстап кетті.
Таңның бозғылт жарығы жазықты бойлай баяу жылжыды. Күн көрінбеді. Жел басылып, артынша мүлде тынды. Ауада біртүрлі қою тыныштық орнады. Жүрегімнің әр соққанында шолпыларымның сыңғырлағанын еститіндеймін.
Көкжиектен қара сызық көрінді.
Әуелде шаштың қылындай жіңішке еді. Сосын қалыңдап, кеңейіп, жер бетіне жайылған көлеңкедей ұлғая түсті. Қозғалысты байқадым: ұсақ, дірілдеген, сансыз көп бейне. Қасқырлар. Екі аяқпен де, төрт аяқпен де жүретін, сары көздері жарқырап, ауыздарын ақсита ашқан ондаған қасқыр. Олардың артынан қара жамылған салт аттылар келе жатты.
Олжасының ешқайда қашып құтыла алмайтынын білетін жандардай асықпай жақындап келеді.
— Дайындалыңдар, — деді Қозы Көрпеш. Даусы бірқалыпты, діріл жоқ. — Шегіңбей, ллардв жеңуіміз керек!
Мен Айбас берген пышақтың сабын қыса ұстадым. «Керек болып қалар» деген еді. Бірақ оның маған қажеті жоқ. Пышақ та, қылыш та емес, басқа қаруым бар. Ол артымда, қураған шөптің үстімен сүйретіліп жатыр.
Қара түнектің дәл ортасында қара тұлпар мінген, алып денелі, иықты, үстінде қара түсті аң терісі бар бір салт атты келе жатты. Бетін терең, баяғыдан қалған тыртықтар тілімдеп өткен. Көздері шоқтай қызыл жалындайды. Ол менен көз алмай, маған қарай тура беттеп келеді. Жақындаған сайын ерніндегі жымиыстың кеңейе түскенін байқадым.
Қуанышты ашкөз есалаң!
Ал оның жанында, сәл кейінірек, сұр ат мінген қара киімді арық адам отыр. Өңі қашқан, бүкірейген, көздері бос әрі тұманданып кеткен. Бақсы деген сол екенін айтпастан біліп тұрмын.
Ол да маған қарап келеді. Бірақ жанарында өшпенділік те, жеңіс қуанышы да жоқ. Тек шексіз шаршау мен кешірім сұрауға ұқсайтын бір сезім бар.
Қодар атын менен жиырма қадамдай жерде тоқтатты. Қасқырлар да оның артында тына қалып, бастарын төмен салды.
— Баян-Сұлу, — деді ол.
Даусы жуан әрі қарлығыңқы, бойына өліктің суығы сіңіп кеткендей. Бірақ сол өлі тыныштықтың астарынан қуаныш сезіледі. Соншалық зор қуаныш, одан бойымды үрей биледі.
— Менің Баян-Сұлуым. — Ол жымиысын кеңейте түсті. — Ақыры жеттім!
Қозы Көрпештің иығы мені қалқалап тұрғанын сездім. Айдынның екінші жағымнан жақындай түскенін байқадым. Артымдағы бұрым жел жоқ болса да қозғалып кеткендей болды.
— Менің атым Мақпал, — дедім. Өзім күткеннен де нық шықты дауысым.
Қодар күлді.
— Әрине, — деді ол. — Әрине, қалай десең, солай болсын. Жақынырақ кел, Мақпал. Сөйлесейік.
Артымнан әлдененің сыбдыры естілді. Баяу, әрең жететін, жүздеген дауыстың сыбырындай.
Мен артыма бұрылмадым.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.