Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

30-бөлім · 6 мин

30-бөлім. Эпилог

30 / 31

Біздіғ Сарыбайдың ауылында тұрып жатқанымызға төрт айдайболды.

Алғашқы қар әлдеқашан еріп кеткен. Қарабай сөзін тұрып, өз жылқыларын бізге де зардап шеккен барлық адамдарға таратып жіберді. Енді жайылымдарда мыңдаған жылқы жайылып жүр. Орман ішіндегі ауылда жаңа киіз үйлер тігіліп, бой көтерді. Қызыл жіпті алып келген бала Мамабикенің қолында қалды. Енді ол күн сайын таңертең асүйге су тасып, үй тірлігіне көмектесіп жүр. Апсебай ақсақалда өз ошағына қайтып оралды, бірақ күн сайын дерлік келіп, шай ішіп, көне аңыздармен біздерді таныстырып отырады.

Бақсы құдықтың жанында қалды. Сол жерге шағын киіз үй тігіп, оңаша өмір сүріп жатыр. Кейде біз оған барып тұрып, хал- ахуалың біліп отырамыз. Ол сирек сөйлейді, бірақ жүзі сабырлы. Бірде оған бір уыс шөп апарғанымда, ол оны мүсіннің түбіне қабірге гүл қойғандай қояды.

— Ол жақта қалғандардың бәрі шалғын жебіршөбін жақсы көретін, — деді ол.

Мен ештеңе түсінбедім, бірақ басымды изедім.

Шашым енді ақырындап өсе бастады. Қыдыр ата маған үлкен бір сый берген еді. Жан тыныштығы. Көптен бергі аңсаған ортаны.

Бүгін кеш тынық.

Айдын екеуміз өзен жағасындағы ескі томарға отырып, суға қарап отырмыз. Алтын жанымызда жайылып, шөпті еріне шайнап жүр. Алыстағы төбелердің үстінде ақ көлеңке анда-санда жылт етеді: Тұлпар кеш сайын бізге оралып, аспанда қалықтайды. Ол Қозы Көрпеш пен менен басқа ешкімді жанына жолатпайды.

— Бүгін Айбас мені аңға шақырды, — дейді Айдын маған қарамастан.

— Барасың ба?

— Білмеймін. — Ол баяғыда от алмай қалған оттықты саусақтарының арасында айналдырады. — Өзеннің үстіндегі бір жартасты көрсетемін деді.

— Романтика де...

— Мені қақпанға түсірудің амалы сияқты естіледі.

— Өзің қақпанды жақсы көресің ғой.

— Мақпал.

— Жарайды, үндемеймін.

Ол пысқырып қояды, бірақ беті қызарып кетеді. Біраз үнсіз отырамыз. Сосын ол кенет байыптана қалады.

— Мақ, — дейді ақырын. — Саған бір нәрсе айтуым керек.

Мен қимылсыз қаламын.

— Тыңдап отырмын.

— Бұл… оңай емес. — Ол терең тыныс алады. — Павлодарда пәтерде тұрған кезімізде… Мен ұйқысыздықтан ұйықтамай жүрген жоқпын.

— Білемін, — деймін ақырын.

Ол жалт бұрылады.

— Білесің бе?

— Баяғыда-ақ сезгенмін. — Қолынан ұстаймын. — Қалай арықтап бара жатқаныңды көрдім. Тамақ ішпейтініңді де. Мен байқамайды деп ойлап, дәрілерді жасыратыныңды да көрдім. Нақты не болғанын білмедім, бірақ бір нәрсенің дұрыс емес екенін түсіндім.

Айдын үнсіз қалады. Көздері жасаурап тұр, бірақ жыламайды.

— Маған жарты жыл қалды деді, — деп әрең айтады ол ақыры. — Мүмкін, сәл көбірек. Бұл маусым айында болған. Балалар үйінен шыққан күні. Дәрігерлер ештеңе істей алмады. Саған айтпауды ұйғардым. Өйткені сенің менен басқа ешкімің жоқ еді. Соңғы айларыңды менің өлімімді күтіп өткізгеніңді қаламадым.

— Ақымақ, — деп сыбырлаймын.

— Білемін.

— Мен сенің жаныңда қалар едім.

— Білемін. Сол үшін үндемедім. — Ол саусақтарымды қысады. — Сосын біз әлгі шұңқырға құлап кеттік. Орманда көзімді ашқанда, дем алып жаттым. Еш жерім ауырмады. Көп айдан бері алғаш рет ауырсынбадым. Неге екенін білмеймін. Мүмкін, ауасы шығар. Мүмкін, сиқыры. Мүмкін, Айдаһардың әсері. Бірақ өзімді… тірі сезінемін. Бала кезімнен бері дәл бұлай сезініп көрмеппін.

Мен сөйлей алмаймын. Тек оның қолын ұстап отырмын. Көлдің қара суында ұстағанымдай.

— Саған осыны айтқым келді, — деп жалғастырады ол. — Сендер Қозы Көрпешпен бірге осында қалуға шешім қабылдағанда, мен де қалуды ұйғардым. Бірақ мұны тек сен үшін істедім деп ойлама. Бұл өзім үшін де. Мен осында өмір сүре аламын. Осы жерде өмір сүргім келеді. Осындай өзімшіл шешімім үшін мені кешіре аласың ба…

— Аузыңды жапшы — деймін қарлығып.

— Не?

— Аузыңды жап, Айдын. — Мен оны құшағыма қатты қысып аламын. Тіпті ауырғанша. — Сенің бұған құқығың бар. Бәріне құқығың бар.

Ол қимылсыз қалады. Сосын өзі де ыңғайсыздана құшақтайды. Құшақтасуға үйренбеген адамдай. Иықтары дірілдейді.

— Ренжіп қала ма деп қорықтым, — деп иығыма сыбырлайды ол.

— Тағы бір нәрсені менен жасырсаң, сонда ренжимін.

— Келістік.

— Ант бересің бе?

— Ант беремін. — Ол әлсіз күледі. — Оттығыммен ант етемін.

— Ол жанбайды ғой.

— Оның маңызы жоқ. Ант қабылданды.

Өзен үстіне ымырт қоюланғанша осылай ұзақ отырамыз. Сосын Айдын бойын тіктеп, жеңімен бетін сүртеді де, кенет маған көзін қысады.

— Білесің бе, ең күлкілісі не? Айбас мені жасақтағы ең мықты жауынгер санайды.

— Сен шынымен де ең мықтысың.

— Мен үш апта бойы еркек болып көрінгенмін.

— Әрі ол жақсы жұмыс істеді.

Екеуміз қарқылдап күлеміз. Ақырын, жанымызды қинамай. Енді қорқатын ештеңесі қалмаған адамдарша күлеміз.

Сосын орнымнан тұрамын.

Ауылдың үстіндегі төбеде от жанып тұр. Қозы Кһрпеш сонда жалғыз тұр. Біз алғаш кездескен күндегідей. Ол төменде тұрған бізге қарап тұр. Мені күтіп тұрғанын білемін.

— Бара ғой, — дейді Айдын. — Адамды тоңдырып алма.

— Ал өзің ше?

— Айбасты күтемін. Ойланып көретінімді айттым ғой.

— Сен әлдеқашан шешіп қойдың.

Мен күліп, соқпақпен жоғары көтерілемін. Алтын қорсылдап, соңымнан томпаңдай басып келеді. Жел шашымды тербейді. Ал шөп арасынан күмістің сыңғыры естіледі. Баян-Сұлудың шолпылары. Енді мен оларды білегіме тағып жүремін.

Қозы Көрпен мені төбенің басында қарсы алады.

Ештеңе айтпайды. Тек алақанымды алып, қолымнан ұстайды. Алақаны ыстық, ұстауы берік, бірақ аялай сипайды. Алғашқы түсімдегідей.

— Өкінбейсің бе? — деп ақырын сұрайды ол. — Осында қалғаныңа?

Мен тауларға қараймын. Өзенге. Алғашқы шамдары жана бастаған ауылға. Қарлығаштай төбелердің үстінде қалықтап жүрген жіңішке ақ көлеңкеге. Сосын сонша уақыт бойы өзім де білместен күткен адамға қараймын.

— Жоқ, — деймін. — Ал сен ше?

— Мен сені ұзақ күттім.

— Білемін.

— Бірақ тағы сонша жыл күтуге де дайын едім.

— Білемін. — Жымиямын. — Сол үшін қайтып келдім.

Ол еңкейеді. Әуелі маңдайымнан, сосын самайымнан, ақырында ернімнен сүйеді. Айналадағы әлем алақандай жылы болып кетеді. Алтын аяғымыздың жанында бір күрсініп қойып, ақыры бұл жағдайға көндіккен сияқты.

Ол менен сәл алыстағанда, сыбырлаймын:

— Білесің бе, Баянауылға аттанар алдында емші маған не айтқан?

— Не айтты?

— Менің алдымда есіктер ашылғанын айтты. Ұйқыда да емес, өңімде де емес екенмін. Жауабын табатын жерге баруым керек деді.

— Таптың ба?

— Таптым.

— Ол қандай жауап?

Мен оған қараймын. Маңдайындағы алтын бұрымға, қара көздеріне, қолындағы тыртықтарға, енді түсімде ғана емес, өңімде де көріп жүрген сол бір күлкісіне.

— Махаббат сөнбейді, — деймін. — Өлімнен кейін де. Тіпті тұтас бір басқа әлемге ауыссады.

Ол үнсіз қалады. Сосын маңдайын маңдайыма тірейді.

— Өшпес, — дейді ол маған барған сайын жақындай.

Таулардың үстінде алғашқы жұлдыз жанады. Жел құдық жақтан әлсіз сыңғыр алып келеді. Мен оның шолпының да, қоңыраудың да, шөп арасындағы желдің де үні емес екенін білемін. Бұл — бейбіт күйде бақилық болғандардың дауысы.

Ал сонау алыста, орман ішінде, қайыңдардың арасынан алып мүйіздердің алтын сәулесі жылт етеді.

Кербұғы бізге қарайды. Ештеңе күтпестен, кешкі көлеңкеге қарай баяу шегініп, көзден ғайып болады.

Ол барынша бізге көмектесті. Осымен оның жұмысы аяқталды.

Біз үйге жеттік.

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Романтика жанры