Таңертең көл мүлде басқаша көрінеді.
Судың үстін қалың тұман қабат-қабат басып жатыр. Біз жағаға жақындай бергенде, жел кенет Құдды алып демін ішіне тартып, тынысын ұстап қалғандай тына қалады. Судың түсі де өзгеріпті: көлдің тереңінен күңгірт жасылдау жарық таралып, көл түбінен бірдеңе жарқырағандай көрінеді.
— Ол біздің келгенімізді біледі, — деп сыбырлайды Қозы Көрпеш.
Мұны қайдан білетінін сұрағым келмейді.
Біз судың дәл жиегіндегі жалпақ тастың үстінде тұрмыз. Айнала тым-тырыс. Алтын аяғыма тығыла түседі. Кешегі оқиғадан кейін әлі де өңі бозарып тұрған Айдын оттықты бойтұмардай жұдырығына қысып ұстап тұр.
Кенет су беті дірілдеп, көпіршіктеніп, бүлкілдей бастайды. Сосын астында алып тау баяу оянып келе жатқандай, су жоғары қарай көтеріліп, буырқанады.
Көлден Айдаһардың басы көтерілді.
Қабыршағы жаңбыр астында қалған тақтатастай сұрғылт. Маңдайында кәрі еменнің тамырына ұқсайтын қос иілген мүйізі бар. Көздері бозғылт алтын түстес, қиғаш, қарашығы жоқ.
Басы көтерілген сайын денесі тұман арасынан шексіз лентадай созылып шығады. Су үстінде сақиналанып, ирелеңдеп жатыр. Оның қай жерден аяқталатынын аңғара алмаймын.
— Маған жеттіңдер. Не мәселемен келдіңдер?— деді Айдаһар.
Даусы ауызынан емес, жан-жақтан бірдей естіледі: судан да, тастан да, ауадан да. Бірнеше адам қатар сөйлеп тұрғандай, бірақ айтылған сөз жалғыз.
— Армысың, көктің де, жердің иесі! Біз жауап іздеп келдік, —Құрметпен жауап қатты Қозы Көрпеш, — Бізге сенің бір сұраққа жауап беретініңді айтты.
— Бір сұраққа, — деп растайды Айдаһар. — Мен шындықты айтамын. Бірақ тек өзімнен сұраған нәрсеге ғана жауап беремін. Ойланыңдар. Уақыттарың өздерің ойлағаннан көп. Бірақ өздерің қалағаннан аз.
Ол үнсіз қалады. Тұман мүйіздерін айнала иіріліп, баяу қозғалады.
Біз судан бірнеше қадам алыстап, шеңбер құрып тұра қаламыз. Өзімді әлем тағдыры туралы емтиханға бір ғана билетпен келген студенттей сезінемін.
— Оны қалай өлтіру керегін сұрау керек, — дейді Айбас бірден. — Одан артық не бар?
— Жоқ, — деп жауап береді Қозы Көрпеш.
— Неге?
— Өйткені мен ант бердім.
— Сен кек алмауға ант бердің, — дейді Айбас ашуланып. — Ал мұнда соғыс туралы сөз болып отыр.
— Мен өлімді жауапқа айналдырмауға ант бердім. — Қозы Көрпеш оған тіке қарады. — Егер «оны қалай өлтіруге болады?» деп сұрасақ, ол өлтірудің жолын айтады. Сосын мен қылышымды алып, сол жолмен кетемін. Ақырында өзім де Қодар сияқты боламын.
Айбас аузын ашып, қайта жабады. Сосын ашуын ішіне жұтып, ауыр күрсінеді.
— Жарайды. Онда не сұраймыз? «Оның осал жері қайда?» дейміз бе? Әлде «Ол неден қорқады?» дейміз бе?
— Бұл да «қалай өлтіруге болады?» дегеннің басқа сөзбен айтылған түрі ғой, — деп араласады Айдын.
Бәрі оған бұрылады. Ол қолын кеудесіне айқастырып тұр. Даусында болаттай қаттылық бар.
— Тыңдаңдаршы, — дейді ол. — Біз бес минуттан бері сөз таластырып тұрмыз. Бірақ мәселе сөзде емес. Мәселе — оның тек өзінен сұраған нәрсеге ғана жауап беретіні. Артығын айтпайды. Демек, біз қойған сұрақ жауапты ғана емес, өзіміздің не істегіміз келетінін де анықтайды. «Қалай өлтіреміз?» десек, өлтіруге барамыз. «Қалай жеңеміз?» десек, соғысамыз. «Қалай құтыламыз?» десек, қашамыз.
— Сонда не сұрауымыз керек? — деймін ақырын.
Айдын маған қарайды.
— Сенің не қалайтыныңды сұрауымыз керек. Біздің емес. Сенің.
Мен ойланып қаламын.
Кек туралы да, жеңіс туралы да, қан туралы да емес. Қақпа алдында мені құшақтаған әйелді ойлаймын. Әпсебайды. Өртке оранған киіз үйлерді. Айдынға таңданыспен қараған кішкентай баланы.
— Мен мұның аяқталғанын қалаймын, — деймін ақыры. — Енді ешкімді өртемесе екен. Қодар тоқтаса екен.
— Демек, — дейді Қозы ойлана сөйлеп, — «Қодарды қалай тоқтатуға болады?» деп сұраймыз.
— Өлтіру емес, тоқтату.
— Өлтіру емес, тоқтату, — деп қайталайды Айбас басын изеп.
Біз қайтадан суға қарай беттейміз. Айдаһар әлі сол қалпы қозғалмай тұр. Оның үстіндегі тұман да қимылсыз қалғандай.
— Біз дайынбыз, — дейді Қозы Көрпеш.
— Сұраңдар.
Қозы Көрпеш маған қарайды. Мен басымды изеймін. Ол терең тыныс алады да:
— Қодарды қалай тоқтатуға болады?, — деп сұрайды.
Тыныштық орнайды. Найзағайдың екі соққысы арасындағы үзілістей ұзақ әрі созылыңқы тыныштық.
Айдаһардың алтын көздері сәл жұмылады. Алып басы болар-болмас еңкейеді. Айналасындағы су тына қалады. Сол сәтте өз жүрегімнің дүрсілін анық естимін.
— Тас бол, — дейді Айдаһар.
Екі-ақ сөз.
Ақырын, тіпті мейірлене айтылғандай. Бірақ сол сөздерден арқамды бойлай діріл жүгіріп өтеді. Біреу ішімдегі керілген ішекті саусағымен шертіп қалғандай.
— Не дедіңіз? — деп сұрайды Айбас. — Болғаны осы ма?
— Бұл — жауап, — дейді Айдаһар. — Оған «Тас бол» деп айтыңдар. Қалғанын өздерің түсінесіңдер.
— Бірақ қалай? — деп шыдамай кетемін. — Бұл нені білдіреді?
— Сендер қалай тоқтатуға болатынын сұрадыңдар, — дейді Айдаһар. — Мен жауап бердім. Бұдан артық ештеңе айтпаймын.
Ол маған қарайды. Алтын жанарында аяушылыққа ұқсайтын бір сезім жылт ете қалады.
— Сөздің салмағы өздерің ойлағаннан ауыр, балам. Мұны ұмытпа.
Содан кейін оның алтын көздері басқа жаққа жылжиды. Айдынға тоқтайды. Оған ұзақ қарайды.
— Сенің тынысың қалыптыдан жеңіл, — дейді ол ақырын.
Бұл сұрақ емес, қорқыту да емес. Жай ғана байқағанын айтып тұрғандай.
Айдынның бүкіл денесі сіресіп қалады.
— Нені меңзеп тұрсыз?, — Айдын сасқалақтап қалды.
Су шалп етіп, алып дене қайтадан тереңге батады. Артынан жан-жаққа тараған шеңберлі толқындар ғана қалады. Тұман біртіндеп сейіледі. Көл қайтадан жай ғана көлге айналады: үлкен, қараңғы әрі үнсіз.
— «Тас бол», — деп қайталайды Айбас. — Бұл қандай сөз өзі?
— «Тасқа айнал», — деді Қозы Көрпеш.
Даусы біртүрлі бәсең, солғын естіледі.
— Ертеден қалған қарғыс. Тіріні өлтірмей жазалау. Тасқа айналдыру.
— Тасқа ма? — деп қайталаймын. — Қодарды ма?
— Ол «оған айтыңдар» деді. Бірақ қарғыс өздігінен орындалмайды. Оған күш керек. Немесе құн төлеу керек. Немесе… — Қозы Көрпеш сөзін жалғастыра алмады.
Ол сөзін аяқтамай, үнсіз қалады.
Мен Айдынға қараймын. Ол қимылсыз тұр, оттықты жұдырығына қысып алған. Көзі көл бетінде.
— Айдын?
— Жақсымын, — дейді ол шорт кесіп.
— Бірақ ол сен туралы…
— Не айтқанын естідім. Бұл ештеңені білдірмейді. — Ол теріс бұрылып, аттарға қарай беттейді. — Жүрейік.
Мен соңынан барғым келеді, бірақ Қозы Көрпеш шынтағымнан ақырын ұстап тоқтатады.
— Әзірше оны мазаламаған жөн сияқты, — дейді ол.
Мен басымды изеймін.
Бірақ көңілімдегі мазасыздық басылмайды. Алыстан естілген ұлыған үн секілді, тыныштықтың ар жағында тынымсыз жаңғырып тұрады.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.