«Түс адамға жара салмауы керек.»
Менің айқайлап жатқанымды түсінгенге дейін ойыма осы бір ой сап ете қалады.
Өз даусым өзімдікі емес сияқты. Әлдекім оны ұзақ уақыт тасқа сүйретіп, ақыры жырым-жырым етіп тастағандай, қарлығып шығады. Ақ жайма малмандай су. Тамағым ашып тұр. Төбемде үш мүйізді кәдімгі шам ілінген аппақ төбе. Көрші бөлмеден кешегі шайдың иісі келеді. Павлодар. Екінші қабаттағы екі бөлмелі пәтеріміз. Тереземіз аулаға қарайды.
«Тау емес.»
Осыны өзіме қайта-қайта қайталаймын.
"Тау емес.
Тау емес.
Тау емес."
— Үшінші түн қатарынан, — дейді терезе жақтан біреу.
Айдын терезенің алдына шығып, бір тізесін кеудесіне тартып отыр екен. Үстіндегі футболкасы созылып кеткен. Кеудесінде "Қыздардың да қолынан ... келеді" деген жазу бар, арасыдағы сөз баяғыда өшіп қалған. Екеуміз оның жалғасын «Қыздардың да қолынан бәрі келеді" деп өзімізше толықтырып алғанбыз.
Қысқа қара шашы желкесінде ұйпа-тұйпа болып тұр. Баяғыда темекіні тастаған, бірақ оттықты әлі де қалтасынан тастамайды. Қақпағын ашып-жауып, шырт — шырт етеді.
Көзінің асты қарайып, жаздағыдан бетер жүдеп кеткен. Соңғы апталарда түнде оның төсекте жатқанын сирек көремін. Түсімнен шошып оянсам, Айдын терезе алдында отырады. Уайымдап сұрағаным да:
«Ұйқым қашты. Бас қатырмашы», — деп қысқа қайырады.
Мен де бас қатырмаймын. Дәлірегі, қатырмауға тырысамын.
— Көршілер есік қағып та үлгерді, — дейді ол.
— Кешірші.
— Кешірім сұрама. Одан да маған не болып жатқанын түсіндірші. — Шырт. — Өйткені өңің қашқан, ал өзің әдеттегідей жұмған аузыңды ашпайсың.
Мен төсектен тұрып, тік отырдым. Қолдарым дір-дір етеді. Екі тіземнің арасына қысып, қозғалтпауға тырысамын.
Биыл жазда екеуміз де он сегізге толдық: Айдын маусымда, мен шілдеде. Балалар үйінің қабырғасын екі бөлмелі пәтерге ауыстырдық. Күнкөріс пен пәтер ақысын төлеу үшін танымал асханалар желісінің филиалына жұмысқа орналастық: мен келушілерге қызмет көрсетсем, Айдын жұмыстың бұрқанып жатқан ортасында жүрді. Нанымызды да, жалақымызды да, ішімізге бүккен қорқынышымызды да бөлісіп, бір — бірімізге қорған болудамыз.
Түстер менің туған күнімнен кейін басталды.
— Мен сол бір жерде болдым, — деймін ақыры. — Шынымен болдым.
— Қай жерде?
Көзімді жұмсам, түсім қайта оралады.
Жалаңаяқ табанымды үшкір тас тіліп барады. Тастар шыны сынығындай өткір. Төбемде қара таулар қасқайып тұр. Аспанның жартысын жауып, кез келген сәтте құлап түсетіндей. Үстімдегі ауыр көйлек аяқтарыма оратылып, желмен сабалайды. Айналамнан дымқыл жүн мен қанның иісі келеді.
Артымнан жануардың ұлыған дауысы естіледі. Алайда бұл ұлыған дауыс әдеттегі қасқырлардың дауыстарынан өзгеше естілетін.
Мен жалт бұрыламын.
Кенет біреудің қолы алақанымды қыса ұстайды.
Қолдары ыстық. Алақаны күстенген. Мені жіберіп алса, ғайып болып кететіндей жанталаса қысып тұр.
Басымды көтеремін, бірақ жүзін көре алмаймын. Күнге қарсы қарағандағыдай, бет-бейнесін жарық жұтып қойған.
— Баян, — дейді ол.
Даусы қарлығыңқы. Көптен бері ешкіммен сөйлеспеген адамның даусындай.
— Мен осындамын. Ақыры жеттім.
Содан кейін аяғымның астындағы жер жоқ болып кетеді.
— Мақпал! МАҚПАЛ!
Айдынның даусы құлағыма жеткенде ғана өз бөлмемізде отырғанымды сеземін. Оның қашан жаныма келіп үлгергенін байқамаппын.
— Әй, бері қара! Тағы да өзіңнен-өзің алыстап кеттің.
— Мені бір жігіт ұстап тұрғандай болды, — деймін әрең.
— Әдемі жігіт пе?
— Айдын!
— Жарайды, жарайды. Қорқынышты оқиға ма, әлде махаббат хикаясы ма, соны ажыратқым келген.
Мен қолдарыма қарап отыра бердім.
Тырнақтарымның астында бірдеңе қарауытып тұр. Саусақтарымды бетіме жақындатып, иіскеймін.
Құрғақ топырақ. Шөп. Даланың йісі аңқып тұр қолымнан.
Бұрын-соңды далада өмір сүрмесем де, бұл иісті танитынымды білемін.
Сосын сол қолымның білегінен шынтағыма дейін жіңішке қызыл сызық созылып жатқанын көремін.
Жаңа жара.
— Мұны сен істедің бе? — деп сыбырлаймын.
Айдын қолымды ұстап, жарыққа тосады. Жүзі әп-сәтте өзгеріп шыға келеді. Әзіл де жоқ, кекесін де жоқ.
— Жоқ, — дейді ол. — Саған саусағымды да тигізген жоқпын.
— Онда өзім тырнап алған шығармын. Ұйықтап жатып.
— Мүмкін — сәл күм"мен Айдын келісті.
Екеуміз де жараға қадала қараймыз.
Сызығы түп-түзу. Жіңішке. Шеттері жырымдалмаған.
Адам тырнағынан мұндай із қалмайды.
Мұндай ізді жүзді қару салады.
Терезенің ар жағынан таң бозара бастайды. Аулада екі терек, қоқыс жәшіктері мен біреудің жіпке жайған дымқыл ақ жаймалары көрінеді. Соларға қарап тұрып, тауларды іздеп отырғанымды аңғарамын.
Соңғы күндері осылай жиілеп кетті.
Көшеде келе жатамын да, кенет үйлердің орнынан жартастар көрінеді. Асфальттың орнына тасты соқпақ пайда болады. Бір-екі секундқа ғана. Сосын айналам қайтадан бұрынғы қалпына түседі. Бірақ әр жолы шындыққа оралуым сәл ұзағыраққа созылады.
Алдыңғы күні автобусқа соғылып қала жаздадым. Айдын капюшонымнан жұлып тартып үлгерді. Содан кейін аялдамада тұрған барлық адамдар еститіндей етіп боқтап алды.
Дәрігерлер ештеңе таппады. Неврологқа да, терапевке де бардым. МРТ-дан да өттім.
«Жүйке қажыған. Көбірек ұйықтаңыз, аз уайымдаңыз»...
Басымды изеп, жымиып қоя бердім. Сосын үйге келіп, тағы да ұйықтай алмадым.
— Тыңдашы, — дейді Айдын. Қолымды әлі жібермеген. — Тек күлмеші.
— Күлмеймін.
— Жұмыстағы қыздар бір әжей туралы айтып жүр. Емші екен. Дәрігерлер емдей алмайтын нәрселерді емдейді-мыс. Көз тию, дуалау, түс... Қаланың жартысы соған барыпты дейді.
— Айдын...
— Мен бұған сенбеймін, өзің білесің. Негізі, түбіртектер мен өз жұдырығымнан басқа ештеңеге сенбеймін. — Ол қисық жымиды. — Бірақ үш аптадан бері ұйықтай алмай жүргеніңе сенемін. Қолыңдағы мына жараның өздігінен пайда болмауы керек екеніне де сенемін. Бармасақ та ештеңе жоғалтпаймыз. Ал жоғалтатын нәрсе қалды ма өзі?
Мен үндемеймін.
«Өзім-ақ жеңемін. Бұл — күйзеліс қана. Бұрын да талай қиындықты бастан өткердім, бұл да өтер», — дегім келеді.
Бірақ қорқыныштан да, ақылға салған уәжден де тереңде басқа бір ой жатыр.
Ол тым тыныш. Тым сенімді. Санамның түкпірінде әлдекімнің даусы сөйлеп тұрғандай.
Бұл түс емес.
Сен тауларды да, әлгі жігітті де, оның «ақыры жеттім» деген сөзін де ойдан шығарған жоқсың.
«Сен бір нәрсені ұмыттың!!»
Баяғыда.
Өте ертеде.
— Жарайды, — деймін ақыры. — Барайық!
Айдын басын изеп, қайтадан терезе алдына отырады.
Оттық тағы да шыртылдайды. Бір рет. Сосын тағы бір рет.
Дәл сол сәтте өзен жақтан, жағалаудан ұлыған дауыс естіледі.
Ұзаққа созылған, төмен, адамға да, аңға да ұқсамайтын үн.
Ол шатырлардың үстімен көтеріліп, бүкіл қаланы басып өткендей болады да, кенет үзіліп қалады. Біреу аузын басып қалғандай.
Мен ақ жайманы уысыма мыжғылай қысып аламын.
— Иттер ғой, — дейді Айдын теріс қарап. — Қаңғыбас иттер. Мұнда үнемі ұлиды.
Оттықтың шыртылы тынады.
Айдынның саусақ буындары ағарып кеткен.
Мен оның иттерге сенбейтінін білемін.
Өйткені бұл ұлыған дауысты мен де естігенмін.
Түнде.
Таудың ішінде.
Артымнан.
Бөлім туралы пікірлер 2
Біз үшін тың нәрсе. Енді үйренбесек. Қызықты формат.
Пікіріңізге көп рахмет! Қызығушылығыңыз таусылмайды деген үміттемін.