Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

18-бөлім · 5 мин

18-бөлім. Жол бойындағы ақсақал

18 / 31

Қайтар жол барарға қарағанда ұзақ созылғандай.

Бәрімізде.нсіз, өз ойларымызға өзіміз батып келеміз. Қасымдағыларға қарасам не туралы ойлап жатқандарын білтеіндеймін: Қозы Көрпеш — айдаһардың айтқан жауабы жайлы, Айбас — сұрағымыздың бекерге кеткені жайлы, ал, Айдын ... Айдын — жасырғаны бір нәрсе бар сияқты.

Бір уақытта мен айналамыздағы тауларға қарап, санама келген әрбір ойларды шығарып тастағым келді.

Қайтар жолдың екінші күнінде ескі керуен жолына түстік. Мүмкін бұл жолмен тез оралармыз? Шаң басқан, қараусыз қалған, арамшөп басып кеткен соқпақпен жүре, бұрылыстан арба көзімізге түседі.

Сынған арба екен. Дөңгелегі қисайып, білігі жарылыпты. Жанында жыртық шапан киген, кішкентай ғана бүкірейген ақсақал отыр. Саусақтарымен сынық ағашты сипалап, не істерін білмей қалғандай. Арбада бір қап ұн, бірнеше бума отын және су құйылған құмыра бар.

— Әй, ата! — деп дауыстайды Айбас. — Көмек керек пе?

Ақсақал күнге тотыққан жүзіндеге балқыған күмістей ашық көздерімен бізге қарағады. Жымиысы көктемнің алғашқы күніндей жылулық сыйлады.

— Асығып бара жатпасаңдар, балалар, көмектессеңдер жақсы болар еді, — дейді ол.

— Асығып барамыз, — деп Қозы Көрпеш ақырын күбірлейді. Бірақ атын тоқтатады.

— Көп уақыт алмайды, — деп күрсінген Айбас аттан секіріп түседі.

Мен де аттан түсемін. Айдын көзін төңкеріп, соңымнан түседі.

— Білікті ауыстыру керек, — дейді ол арбаны шолып. — Қосалқысы бар ма?

— Бар, — деді де ақсақал, қаптың астынан тегіс таяқты суырып алады. — Жарай ма, білмеймін.

— Жарайды.

Айбас арбаны сүйеп, Қозы Көрпеш білікті орнына келтіреді. Ер адамдар дөңгелекпен әуре болса, Айдын бұйрық беріп, ара-арасында шаншып сөйлеп қояды. Алтын сәл әріректе тұрып, жол жиегіндегі шөпті шайнап тұр. Мен ақсақалдың қасына отыруды жөн көрдім. Тиерге бәрбір пайдам жоқ.

Ақсақалға қарасам, тек жылулық емес, сонымен қатар, бір күдік сезімде есетін сияқты. Осындай адамдар жүрмес айдалада қанша уақыт болды отырғанына? Неге ол осындай оқиғада сабырлылық сақтап отыра берді?

— Оларға көмектеспейсің бе, балам? — деп сұрады ол менен.

— Тек кедергі боламын ғой.

— Онда маған жейтін нан болса, бере аласың ба? Қарным ашып тұр еді, — деп сұрағанда мен біраз кідіріп қалдым.

Сөмкемде қалғаны — соңғы нан. Өзіміз де ашпыз, ал ауылға әлі алыс. Бірақ ақсақал маған қараған сабырлы жанарына қарап, нанды бөлісіп, көмек қолың созуым керек екенін түсіндім.

Сөмкемдегі соңғы нанды екіге бөліп, жартысын ұсынып:

— Осыны жеп. Біраз әл жинап алыңыз, — дедім.

Ол нанды алып, басын изейді.

— Өзіңе қалды ма?

— Әрине, менде тағы да бар.

— Өтірік айтасың, — деп ол ақырын күледі. Бірақ нанды алады.

Үнсіз отырып жейміз. Нан құрғақ, қатқан. Ал ақсақал оны асықпай, дүниедегі ең дәмді асты жеп отырғандай рахаттана шайнайды.

Ақыры дөңгелек орнына келеді. Айдын қолын шалбарына сүртеді.

— Дайын, ата, — дейді ол. — Енді ары қарай өзіңіз жеткізіп аларсыз.

Ақсақал таяғына сүйеніп, баяу көтіріліп, орнынан тұрады. Маған бұрылып қараған сәтте, бүкірейген иығы жазылып, көздері ішінен жұмсақ алтын сәулесін шашқандай жарқырайды.

— Сен мейірімдісің, балам, — дейді ол. — Есепсіз жақсылық жасайсың. Мұны бәрі бірдей істей алмайды.

— Мен…

— Тыныш. — Ол қолын көтеріп, шашыма тигізеді. Жеңіл, жылы жанасу. Самал желдің лебіндей. — Бұл саған. Нан үшін. Жолыңды бұрмай, жанымнан өткенің үшін.

Саусақтарынан шашымның түбіне қарай бір жылылық тарайды. Қытықтағандай сезім. Мен қимылсыз қатып қаламын.

— Бергенім саған көмектеседі, — дейді ол тек мен еститіндей бәсең дауыспен. — Бірақ оны қалай қолдануды өзің түсінуің керек. Асықпа. Және сақта.

— Не… не бердіңіз?

— Түсінесің.

Ол жымияды да, бір қадам шегінеді. Қозы Көрпеш біреуді дауыстап шақырғандай болады, бірақ мен естімеймін. Ақсақал арбаға қарай бұрылып, әлдебір жерден пайда болған сұр атты тізгінінен ұстайды. Бір сәт бұрын ол жерде ат жоқ еді. Ақсақал соқпақпен жүріп кетеді.

Бірнеше қадамнан кейін оның сұлбасы кешкі сағымға сіңіп жоғалады.

— Әй, — Айбас көзін жыпылықтатады. — Қайда кетті?

— Кетті, — деді Қозы Көрпеш баяу. Жерге көзі түсіп қалып, — Қараңдаршы, — деді.

Бәріміз төмен қараймыз. Шаңды соқпақта ат тұяғының ізі де, арба дөңгелегінің жолағы да жоқ. Тек біздің іздеріміз.

— Бұл… — деп бастайды Айбас.

— Қыдыр ата, — деп сыбырлайды Айдын. — Жақсылықтың рухы. Жолаушылардың қорғаушысы. Бір кітаптан оқығанмын: ол ақсақал кейпінде келіп, адамдардың мейірімін сынайды екен.

Бәріміз үнсіз қаламыз.

Сосын Қозы Көрпеш маған баяу бұрылады. Көзі жүзімді шолып өтіп, шашыма тоқтайды.

— Мақпал, — дейді ол. «Баян» емес, менің өз атымды атайды. Сол сәтте кеудем біртүрлі шым ете қалады. — Шашың…

Қолымды басыма апарып, ұстап көрсем, шашым ұзарып кеткен.

Бір еліге де, екі еліге де емес. Жауырыннан асып түсіп, беліме қарай төгіліп тұр. Қара, қалың, жылтыр. Бір апта бойы май жағып жүргендей. Оның үстіне, әлі де өсіп жатыр. Шашымның иығымнан сырғып, арқамды бойлай төмен қарай жайылып бара жатқанын сеземін.

— Бұл не? — деп шошып сұрадым.

— Бата, — деді Қозы Көрпеш. Даусы қарлығып шықты. — Мұндайды бір рет көргенмін. Өте баяғыда. Сенде. Сен сол кезде…

Ол сөзін аяқтамай қалады.

— Қай кезде?

— Қазір емес. — Ол басын шайқайды. — Кейін. Өзің түсінгенде.

— Ақсақалда солай деді...

— Ендеше, түсініп көрейік, — деді Айдын.

Айдын жаныма келіп, үнсіз бір тал шашымды саусақтарының арасынан өткізеді. Жүзі түсініксіз: түісініспеушілік пен мұң реңі байқалады.

— Сақта, — деп олақсақалдың сөзін ақырын қайталайды. Әлде емшінің сөзін бе? Енді есімде жоқ.Барлығы шатасып қалғандай.

Кешке қарай шашым беліме жетеді.

Мен оттың жанында жатып, түнгі аспанға қараймын. Шашымның жерге төселіп, ұйықтап кеткенше өсе беріп жатқанын сеземін.

Түсімде тауларды, өзенді және ұзын бұрымды әйелді көремін. Ол жартастың шетінде тұрып, төменге қарап тұр.

Ал оның артында, түсімнің ең шетінде, біреу екі сөз айтады.

Ақырын. Маған емес.

«Тас бол.»

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Романтика жанры